16.10.2019, 12:29
Қараулар: 221
Таза ауадағы тынымсыз қызмет

Таза ауадағы тынымсыз қызмет

Ежелден келе жатқан мамандықтың бірі, әрі бірегейі деп бақташылық кәсіпті айтар едік. Адамзат дәуірінің қалыптаса бастаған кезеңінен бері үзілмей жалғасқан кәсіпті арнайы оқытпайды да үйретпейді. Алайда нағыз бақташы болу-бұл сахнаға шығып өнер көрсетуден де немесе кез-келген мамандықтың алдында тұрары шындық. Себебі бұнда да маңдай тер және адал еңбек, жауапкершілік пен ептілік қатар тұр. Жалпы көзге оңай болып көрінгенімен бақташы жұмысының қыр-сыры сіз бен біз ойлағандай емес-ау…


Төрт түліктің қадірін білген қазаққа мал басын көбейтіп отыру маңызды болған. Бүгінде қолында қос дипломы болса да, жас жігіттердің мемлекеттік бағдарламалар тарапынан несиелерге қол жеткізіп, өз алдына кәсіп ашуды қолға алып жатқанын білеміз. Соның көпшілігі ауылшаруашылығы саласын, яғни мал өсіру кәсібін жолға қоюды мақсат тұтқан. Кей кездері қариялар қауымының «трактор айдап, мал бағатын адамды бара-бара таба алмаймыз» дейтінін осындай жастар қатары жоққа шығарады. Ауданымызда «Луч» шаруа қожалығының кәсібін дөңгелетіп отырғаны көпшілікке жақсы таныс. Жалғыз аудан емес, облыс көлеміне аты белгілі шаруашылықтың жанында біршама қызметкерлер жұмыстануда. Атап айтқанда, бақташылар мен сауыншылар да, тракторшы, механизатор, агроном секілді шаруашылыққа ебі мен еңбекке деген көңілі түзу жандар қызмет атқаруда. Соның ішінде Александр Швейктің аталмыш шаруашылықта еңбек етіп келгеніне біраз жылдың жүзі болған. Сиыр бағу кәсібінен нәсібін тауып отырған азаматтың ұжым арасында беделі жоғары. Бір күнге журналистік қызметімді бақташылықпен алмастырған менің аз уақытта мол тәжірибе жинап кетуіме тура келді.

-Осы жерде қызмет атқарып жүрмін. Жалғыз емеспін, ауысым бойынша жұмыс жасаймыз. Төрт күн жұмыс жасап, екі күн демаламыз. Далада барлық жағдай жасалған. Тамақ ішетін, жатып демалатын жеріміз де бар. Шағын болса да жанға жайлы, -дейді кейіпкеріміз.

Александр Швейіктің айтуынша, мал бағу жұмысы аса қиын емес тек еңбекқорлық пен шыдамдылық болса. Мал бағуда ерінуге, жатып ішер жалқау болуға мүлдем болмайды. Мысалы менің өзіме таң ертеңнен кеш батқанша интернетсіз жүрудің қаншалықты оңай болмағанын жеткізу қиын енді…

-Қарапайым қызмет. Дегенмен, жауапкершілігі көп екенін айтпасам да түсінесіз. Әр мал басына ие болу керек. Көзден таса қылуға болмайды. Уақытылы далаға жіберіп, суарамыз. Әр сиырға өзімше ат қойып аламын. Мал демесең олардың да сезіну түйсігі бар ғой. Менің дауысыма елең етеді,- дейді.

Дауыс демекші, мал басын қайыруға бақташылар әдейі дауыстарын жуандатып барып сөйлейді екен. Өзара салмақты әңгіме айтып тұрып, қайтып бара жатқан түлікке айғай салғанда шошып кеткенім рас. Сөйтсем бұл да бақташылық кәсіптің бір әдісі екен. Таңмен далаға жаюға шығарып, одан түске таман суарады. Қала берді, сиырдың да жатып демалатын уақыты болады. Бастысы көз жазып қалмай, кешке таман сауыншыларға уақытылы жеткізу. Атпен жүрген бақташы сиырды тым қатты да жай да айдамауы керек. Себебі жүгіріп шаршаған сиырдың сүті қашады.

-Жалпы үйреніп қалғандықтан, жұмыс аса қиындық туғызбайды. Күнделікті жұмыс болғандықтан, түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Жаз немесе қыс мезгілі болсын тәжірибеге сүйеніп жатамыз. Сиыр малы табиғатынан жуас. Тепсе темір үзетін жігіттердің күндіз-түні үйде жатып алатынын көреміз. Бұндай жұмысқа келуге өздерінше арланатындары да бар. Бірақ адал еңбегің сіңетін жұмыстың ұяты жоқ,- дейді тәжірибелі бақташы.

«Тапқан тапқандыкі, ешкі баққандыкі». Төрт түліктің тілін тапқан жанның төрт құбыласы тең екендігі бағзы күннен дәлелденген. Жауапкершілігін жұмыс барысында айқын көрсеткен Александр Швейк бүгінде көпке үлгі. Қарапайым тірліктің иесі болған кейіпкеріміздің де алдыңғы күнге мақсаты айқын. «Мал баққанға бітеді» деген қазақтың ұрпағымыз. «Луч» ШҚ кәсібін дөңгелету арқылы қанша адамды жұмыспен қамтып отырғанына назар аударайық. Ал сол жұмыскерлердің ішінде кейіпкеріміз Александр Швейктей адал да арлы қызметкерлер болғаны қандай ғанибет.

 

 

Әсемгүл АМАНОВА

Суреттер автордан