28.10.2019, 17:40
Қараулар: 160
Әдіскерлер аудан орталығында

Әдіскерлер аудан орталығында

Өткен аптада Тасқала ауданында «Самғау» коворкинг орталығында «Біз біріккен жерде – мүмкіндік шексіз атты облыстық семинар-практикумы өтті.


Осындай тақырыппен Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары облыстық оқу-әдістемелік кабинеті «SPARK (ИСКРА)-ИДЕЯ» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға барлық ауданнан және облыс орталығынан мамандар келіп қатысты. Семинар барысында психологиялық-педогогикалық түзеу кабинетінің құжаттарымен танысты.»Лэпбук», мектепке дейінгі жастағы тіл кемістігі бар балалармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері, 3-5 жастан кіші балалардың дамуын бағалау бойынша диагностика, «Геометриялық планшет», психикалық дамуы тежелген балалардың математикалық ұғымдарын дамытуға арналған дидактикалық ойындарды қолдану, ЭБРУ терапиясы, логоритмика, балалардың психофизикалық функцияларын оңалту үшін емдік дене шынықтыру тиімді технологиялары, 3-8 жас аралығындағы балалардың тілін дамытуда ТРИЗ технологиясын қолдану шығармашылық шеберханалар мен шебер сыныптар өткізілді.

-Мамандардың арасында тығыз байланыс орнату үшін осындай шараны қолға алып отырмыз. Олар бір-бірімен іс тәжірибе алмасып, семинар-практикумда көрген білгенін әрі қарай өздерінің жұмыс барысында қолданса деген ниеттеміз. Жылына екі рет аталмыш семинар-практикумын өткізіп отырамыз. Бұған дейін Қазталовка ауданында өткізілді. Дефектологтар, логопедтер, психологтар мен әлеуметтік педогогтар аталмыш шараға қатысты. мамандар бір жерде тұрып қалмай, керісінше іс тәжірибе алмасып алға қарай жылжи беру керек. Үш жастан 18 жасқа дейінгі ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс жасау үшін мамандардың білімі мен тәжірибесі жеткілікті болуы керек, -дейді облыстық оқу әдіскерлік кабинетінің әдіскері Шынар Бауединова.

Әдісердің айтуынша, аталмыш шараның Тасқала ауданы орталығында өтуі тегін емес екен. Себебі ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс жасау барысында, облыс көлемінде Қазталов және Тасқала аудандарының мамандары алдыңғы қатарда тұрған көрінеді.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ