29.10.2019, 15:39
Қараулар: 193
Жас келсе, іске!

Жас келсе, іске!

Әр жұмыстың өз қиындығы мен қызығы бар. Әрбір маман өзіне тапсырылған қызметті жауапкершілікпен атқарып шықса, түбінде сол қызметкер абыройлы болмақ. Осы орайда біздің ауданымызда да жақсы жаңалықтар бар. Ауылға жас келсе, іске деп қуанатын қазақпыз ғой. Биыл ғана жоғарғы оқу орнын бітіріп, елге келген Асланбек Асқар мен Абылайхан Самбаев сияқты жас мамандарымыз, өз жұмыстарына кірісіпте кетті. Газетіміз арқылы жас дәрігерлерді оқырманымызға жақыннан таныстыра кеткенді жөн көрдік.


Ақтөбе облысындағы Марат Оспанов атындағы медициналық университетінің «терапевт» мамандығы бойынша білім алған Қызылорда облысына қарасты Арал қаласының тумасы Абылайхан Самбаев аталмыш университеттің биылғы түлегі. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін, таңдауы осы жаққа түскенін әңгіме арасында айтты. Себебі бұл жақтың салт-дәстүрі мен басқа да тірліктері ақтөбеліктерге ұқсас болғандықтан, айтарлықтай айырмашылық көре алмадым дейді ол. Мектеп қабырғасында жүргенде биология пәні бойынша аудандық, облыстық олимпиадаларға бірнеше рет қатысып жүлдесіз оралмапты. Оның өзі үлкен өмірге аяқ басуына көп септігін тигізгендігін байқаған ол, алғашқы рет Тасқала аудандық аурухана биылғы жазда жол тартады. Келе сала жұмысқа кіріскен жас маман алдымен, аурухана басшысы Гүлсайран Әлиқызының жылы қабылдағанын қуанышпен жеткізді. Қазіргі таңда аудан тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыстанып жатырғандығын тілге тиек етті. Жас терапевт Абылайхан бүгінде аурухананың байырғы дәрігерлерінен іс тәжірибе алмасып жатқандығын және күніне онға жуық пациент қабылдап, олардың денсаулығына аса мән беретіндігін жасырмады. Кейде дәрігерлік кезекшілікке қалып, таңға дейін аяғынан тік тұрып халыққа қызмет қылудан жалықпайтындығын жеткізді. Біз секілді жастар ауыл жаққа келіп, елге қызмет етулерін өз басым құптаймын дейді ол сөз арасында. Себебі әр адамның денсаулығы дұрыс болуына дәрігерлердің көмегі зор екендігін және ол өзіндей мамандардың жұртшылыққа қажетпіз деп есептейтіндігін тілге тиек етті. Жоғарыда атап өткеніміздей, Абылайхан Самбаев терапевт дәрігері мамандығы бойынша ауданымызға келіп аурухананың ұжымын толықтыруға септігін тигізуде. Осы орайда тағы бір жас хирург Асланбек Асқар. Ол Ақтөбе облысының тумасы. Жас мамандарға қазақ жерінің қай жерінде қызмет етсе де еш айырмашылығы жоқ. Әр мамандықтың өз қиындығы мен қызығы бар екендігі сөзсіз. Қазіргі таңда Асланбек секілді жас мамандар Айболат Айтжанов сияқты аға буын хирургтардан тәжірибе алмасып, білмегенін сұрап тұратын көрінеді. Жалпы Тасқала ауданының жұртшылығы өзіне ұнағанын әңгіме арасында айтып өтті. Ауасы таза, жұртшылықпен жұмыс жасауға болады және бізге сырттан келдіңіздер деп ешкім шеттетіп көрген емес дейді ол. Керісінше бұрыңғы танысындай жылы қабылдап жатқанына қуанышты жас хирург. Ұжымың жақсы болса, жұмыс жасауға өте ыңғайлы болары сөзсіз. Кейде ауыр науқастар түскен шақта, дереу жағдайын анықтайды екен. Егер жағдайы нашарлау болса, алғашқы көмегін жасап облыс орталығына жіберетін көрінеді. Бұның бәрі командалық қызметті талап ететіндігін түсінген Асланбек ұжымдағы аға буынның ақыл-кеңесіне құлақ түре отырып, өз қызметін жүргізіп отыр. Осы орайда халықтың алғысынан артық марапат жоқ,- дейді жас хирург.

Жуырда тасқалалықтар үшін ұмытылмас қуанышты күн болды. Ол аудан орталығынан 72 пәтердің кілті тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға табысталған күн. Жоғарыда аталған хирург Асланбек Асқар мен терапевт Абылайхан Самбаев аудан басшысының қамқорлығының арқасында, аталмыш үйдің кілтіне ие болып, қуанышқа кенелген жәйлары бар. Баспана мәселесі шешілген жас мамандарға, енді тек халықтың алғысына бөленіп, абыройлы қызмет атқаруы ғана қалды.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ