29.10.2019, 15:48
Қараулар: 153
Ешкі баққан Дәулет

Ешкі баққан Дәулет

Мерейлік Дәулет Мажиков оқу оқып, кәсіп ашудың  қай уақытта да кеш еместігін түсінген жан. Сондықтан ол аудан орталығында  «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқып біліктілігін жетілдіреді. Кейіннен жеке  кәсібін ашады.


Бұрыннан жеке кәсіппен айналысып, оның ішінде ешкі өсіруді ойластырып жүрген Дәулет Мажиков кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» жобасы жөнінде естіп, көп кешікпей оқуға ниет білдіреді. Жоба барысында әуелі бизнестің әліппесін үйренген ол, бизнес-жопарын жасақтайды. Жобасын сәтті бітіргеннен кейін, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізген кәсіп иесі он бес аналық ешкі сатып алады.

-Өзім ауылдық жерде тұрғандықтан жас кезімнен малдың жа­йын жақсы білемін. Сондықтан  ешкі өсіруге ерекше қызығушылық таныттым. Ал ешкі сүтінің адам ағзасына тигізер пайдасы мен емдік қасиеті мол екені көпке мәлім. Ешкінің басты қасиеттерінің бірі оның сүтінде. Жас балалар үшін ол кейбір жағдайда ана сүтін де айырбастай алады. Себебі, ешкі сүті жеңіл қорытылады. Қоректік қасиеті де жақсы. Адам денсаулығы үшін өте пайдалы деп есеп­те­леді. Оның құрамында кальций, фосфор секілді адам ағзасына қажетті минералды заттар молынан кездеседі. Әр күн сайын одан 4-6 литр сүт саууға болады,  – дейді грант иегері.

Бүгінгі күні кәсіпкер ешкілеріне жем-шөп сатып алып, қысқыға дайындауда.  Өз кәсібін дамытқысы келетін Дәулет «Даян» жеке қожалығын ашқан болатын. Алдағы уақытта ірі қара мен құс өсіруді де қолға алмақ. Сонымен қатар ешкінің санын көбейтіп, оның сүтінен ірімшік сияқты тағы басқа сүт өнімдерін дайындауды қолға алмақ. Қазіргі таңда Дәулет Мажиков кәсіпкерлік бойынша тәжірибе жинап жүргендігін айтты.

Болатбек АСҚАРБЕКҰЛЫ