29.10.2019, 15:56
Қараулар: 184
Елге оралған Ғалымжан

Елге оралған Ғалымжан

  Жасыратыны жоқ жастар мал бағудан ат тондарын ала қашады. Тынымсыз еңбекті қажет ететін ата кәсіп, бүгінде кейінгі толқын арасында сән емес. Олар ауылдың күйбең тірлігінен көрі,  қайнаған қала өміріне ұмытылады деген пікірді өркендік Ғалымжан Ниязғалиев  қостамайды.


Күні кеше ғана қалалық болған ол, осыдан екі-үш жыл бұрын кіндік қамы тамған жеріне келіп өз кәсібін ашты. Қазір мал  өсіріп, маңдай терімен өз нәпақасын тауып отыр. Ғалымжан мекен ететін «Өркен» елді мекені, кезінде шаруасы шалқыған, мектеп пен клубы бар ауыз толтырып айтарлықтай керемет ауыл болатын. Бүгінде мұнда халық саны азайып, мектеп жабылған. Қазір небары 12 отбасы түтінін түтетіп отыр. Соның бірі жас кәсіпкер Ғалымжан Ниязғалиев.

-Біраз жылды артқа тастап туған жерге қайта оралдық. Қазір мал шаруашылығымен соның ішінде ірі қара малын өсіріп, оны бордақылаумен  айналысудамын. Әрине, кез келген кәсіптің өзіне тән қиындығы мен қызығы бар. Жеңіл жұмыс жоқ. Маңдай тер қашанда табысқа жетелейді. Қаладан да, ауылдан да екі қолға бір күрек табуға болады. Дегенмен ауылда жеке кәсіппен айналысуға мүмкіндік мол. Тек қапы қалмай уақытында әрекет ету керек. Бойыңда ықылас пен ынта болса көздеген мақсатыңа қол жеткізесің. Оған менің көзім жетті. Бастапқыда қаладан ауылға көшіп келген соң мал басын көбейту оңайға соқпады. Бірақ қалайда мақсатыма жетемін деген талпыныс, мені бұл тығырықтан алып шықты. Оған қоса білімің мен тәжірибең де болу керек,- дейді кәсіпкер.

1994 жылы жетінші сыныпты қалада оқыған кейіпкеріміз, кейін сол жақты  мекендеп қалады. Үйленіп отбасын құрады. Жанұяны асырау үшін әртүрлі қызметте еңбек етеді. Кейін жекеден мал сатып алып оның етін Ақтау қаласына апарып өткізуді дағдыға айналдырады. Бірақ өзіңде мал болмағаннан кейін оның қиындау екенін түсінген Ғалымжан, ауылға келіп мал шаруашылығымен айналысуды көздейді. Сөйтіп 2017 жылы туған жерге табанын тірейді.

-Ауыл деген жақсы ғой. Кезінде әкем марқұмнан қалған азын-аулақ мал мен жер болатын. Соны қайта тіркеп, мал шаруашылығымен айналысуды қолға алдым. Қазіргі таңда төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. 700 гектарға жуық жерді жаздай шауып, өзімнен артылған әр түкті төрт мың теңгеден саттық. Болашақта жылқы ұстап, қой өсіруді қолға алғалы отырмын. Үкіметке алақан жаймай өз қаражатыма техника сатып алдым. Егін салуда болашақтың еншісінде. Келген жылы мал ұстайтын қора да салып алдым. Жалпы жұмыс істеп еңбек етемін деген адамға ауыл таптырмас бизнес орны, — дейді Ғалымжан Ниязғалиев.

Әңгіме барысында өзінің шаруашылығынан басқа күнделікті ішетін ауыз судың да тапшылығын тілге тиек етті.

-Біз басқа жерге бара қалсақ суға тоймаймыз, іше бергің келеді. Себебі ауылдағы ішіп отырған суымыз ащы. Былтырғы жылы Мерей және Тоғайлы ауылдарына «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауыз су тартылды. Бір өкініштісі ауылдың іргесінде тұрған өркендіктер бұл бағдарламадан қалыс қалды. Су тіршілік көзі. Ең алдымен адамға су керек. Таза су болса ауылдың да қайта жанданатынына сенімім мол. Сол себепті аудан басшылары осы мәселені ескерсе екен дейді әңгіме арасында қожалық иесі.

Осылайша ауылда еңбек етіп, туған жерімді көркейтуге өз үлесімді қоссам деп қаладан ауылға келіп, шаруа қожалығын ашқан Ғалымжанды елдің болашағы қатты ойландырады. Ең болмағанда адам ағзасына зияны тимейтін таза су ауылға жетсе, қалғаны жайлап орнына келер еді деп ойын түйіндеді. Олай болса, аудан орталығындағы атқамінерлердің құлағына алтын сырға. Өркендіктерге мейірлене қанып ішетін ауыз су қашан жетер екен?

Назгүл Серікқызы