29.10.2019, 16:10
Қараулар: 229
Құрт іздеп келген Mark!

Құрт іздеп келген Mark!

   Жуырда Оян ауылына жол түсіп, сондағы тұрғындармен кездестік. Бір сөзбен айтқанда бізге бұл ауылдың тірлігі ұнады. Өз шаруасын дөңгелетіп отырған жандар баршылық екен. Сонымен қатар өзін-өзі қамтып, жоқтан бар жасап жүрген адамдарды көргенде кеудеңе қуаныш ұялайды. Күнайым Гиметденова есімді зейнеткер сүт өнімдерімен айналысып, қазіргі таңда ауылда тұрса да сиырдың маңына жоламайтын жас келіндерге үлгі болып жүр.


 

-Құрт жасаумен айналысып жүргеніме жиырма жылдан асты. Жаныма жақын кәсіп болғандықтан, ешқашан шаршадым деп айтып көрмеппін. Жақында аудан орталығынан Әсел есімді сіңілім хабарласып, Малайзияда оқитын інішегіне заттар беріп жіберетін едік, соған сіздің құртыңызды да салып жібергім келеді,- деп меннен бес келі құрт алдыртқан болатын. Бір күні түскі асымды ішіп демалып жатырсам, үйдің есігін бір адам қақты. Шықсам «Mark» деген ағылшын ұлтының адамы екен. Менің аты-жөнімді қағазға жазып алып, көршілер арқылы тауып келіп тұр. Сондағы әлгі ағылшынның бар шаруасы қазақтың құртының дәмін тату екен. Сөйтіп құрттарым Англиядан бір шықты. Одан бөлек менің қолыммен жасалған құрттар, ауылдас студенттеріміз арқылы Қазақстанның бірнеше жеріне жетті. Ол мен үшін үлкен қуаныш. Құрт жасаған кезде тартылған сүтті, сүзбеге айналдырып, күндегісін күнде бөлек ыдысқа жинаймын. Жасаған құртым дәмді әрі таза болуы үшін, сүзбені бір-біріне араластырмаймын. Қазіргі таңда күнде жасалған құрт, күн сайын өтіп кетеді. Тіпті ертеңгі жасалатын құрттардың да өз иесі бар. Ауыл әкімі Мұхтар Таңатжановтың қолдауымен ауданда ұйымдастырылатын жәрмеңкеге де қатысып тұрамын,- дейді зейнеткер ұстаз Күнайым Гиметденова.

Кейіпкеріміз сонымен қатар «Ақ бата» әжелер ансамблінің мүшесі. Ауыл немес аудан көлемінде өтетін игі шаралардан тыс қалмай әдемі дауысымен сызылта ән салатын кейіпкерімізді бәрі таниды. Ағылшын тілі пәнінен ұстаздық еткен зейнеткер Күнайым Гиметденова қазіргі таңда ауылдың белсендісі. «Еңбек адамды жасартады» демекші кейіпкеріміздің тынымсыз шапқылап жүрген тірлігін көріп сүйсіндік.

Ауылда тұрып, сиыр саумай сүт үшін көшедегі дүкенге жүгіретін жас келіндерді күнде көреміз. Бұл көріністің өзі, сол адамдардың намыссыздығы ма, әлде жалқаулығы ма, оны зерттеп жатқан ешкім жоқ. Оларға қарағанда қартайсада, әлі күнге екі қолға бір күрек іздейтін қарттарды жиі байқаймыз. Сонда болашақ кімге керек?. Жасарын жасап, асарын асаған қарияларға ма, әлде күш қуаты бойында тұрған өрімдей жастарға ма? Түсініксіз….

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ