29.10.2019, 16:22
Қараулар: 207
«Әкемнің таяғын ұстап қалдым»

«Әкемнің таяғын ұстап қалдым»

   Бұл мақаланы жазбас бұрын, бір нәрсеге таңырқадық. Қырық жылдан астам уақыт тапжылмай бір жерді мекен ету адам баласындағы неткен төзімділік. Ең болмаса айналада көрші көлемі де жоқ, жалғыз үй маң далаға иелік етуді өз басым ерлікке баладым. Малшының басынан біз біле бермейтін немесе көзге көріне бермейтін қиыншылықтар өтіп жатқан шығар. Кім білсін?. Оның үстіне Маркс Қаменұлы сияқты сөзге сараң жандардың сырын ақтару оңайға соқпайды. Дегенмен қожалық иесімен жолығып, біраз сырдың түйінін ағытқандай болдық.   


Сонау 1980 жылдары Оян ауылына қарасты «Айкүміс» деген жерден «Даяр»  қыстағына көшіп келген Маркс Жанекеновтың әкесі де малшы болған адам. Қарияның есімі Қамен Жанекенов. Әскерден келе сала отағасына көмекші болған шаруа иесі, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін әкесінің таяғын ұстап қалғанын алға тартты. Бұндағы басты мақсат атакәсіпті жалғастыру еді. Мал бағып жүріп трактордың да қыр-сырын үйреніпті. Әкесіне көмекші бола жүріп біраз нәрсеге қол жеткізген көрінеді. Мал бағу оңай шаруа емес. Кейіпкеріміз інісі мен жиенінің көмек қолын созғандарының арқасында мал басын жоймай ұстап отырғандығын тілге тиек етті. Қыс мезгілінде ауылдармен қатынас қиындық тудыратыны рас. Дегенмен осы жерге әбден үйреніп алған қожалықта, қазіргі таңда 200 бас ірі қара мал бар. Оның жүзі аналық ірі қара. Кең жазық далада мал бағып жүріп жылдың төрт мезгіліне әбден машықтанған малшылардың тірлігін ешкім қайталай алмас. Сондықтан қырдың тірлігін кез-келген адам түсіне бермейді. Шыдам мен төзім ұштасқанда ғана ойлаған мақсатыңа жетесің. «Зұлқарнай» шаруа қожалығы атынан «Сыбаға», «Құлан» мемлекеттік бағдарламаларға қатысып игілігін көруде. Техникаларды жаңалауды алдағы уақыттың еншісіне қалдырып отырғандығын айтты. Жылқы малында бағып отырған қожалықтың қазіргі таңда су мәселесі қиындық тудырады екен. Көктемгі қардың суы жаз мезгілі аяқталмай жатып тартылып қалатын көрінеді.

Маркс Қаменұлының құтты мекеніне айналған «Даяр» қыстағы бүгінде малға толы. «Мал баққанға бітеді» демекші, қолына таяқ ұстаған малшылардың тынымсыз еңбегі көпке үлгі.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ