11.11.2019, 17:38
Қараулар: 605
Батырды ұлықтаған күн

Батырды ұлықтаған күн

Жерлес батырымыз Садық Жақсығұловтың 95 жылдық мерейтойына орай еске алу кеші өз атына берілген мектеп ғимаратында өтті. Оған аудан әкімінің міндетін атқарушы А.Баяндықов, «Нұр Отан» партиясы Тасқала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Л.Жұбанышқалиева мен  ардагер ұстаздар,  мектеп түлектері сондай-ақ,  оқушылар қатысты.


Білім ордасының алдында бой көтерген батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойған кеш қонақтары, әрі қарай Садық Шәкелұлына арналған көрмемен танысты. Батырдың тұтынған заттары мен сұрапыл жылдарда алған жетістіктерінің құжаттары қойылған көрме өткен ғасырдан сыр шертті.

-Мектеп қабырғасында білім алып жатқан оқушыларымызға қашан да «Сендер ең жақсы адамның, ірі тұлғаның атына берілген мектепте тәлім алып жатырсыз» деп жиі айтамыз. Ондағы мақсат батырдың рухын бала бойына сіңіру. Олар оқыған мектебі мен ұстаздарын, атамекенін мақтан тұтуы қажет. Жалпы ұстаздарымыздың бастамасымен Кеңес Одағының батыры Садық Шәкелұлына арналған іс-шаралар жиі өткізіледі. Қазіргі таңда шәкірттеріміз батырдың өмірі жайлы терең біледі. Бүгінгі мерей тойға арналған шараға да оқушыларымыз белсене араласуда. Батырдың есімін ұлықтап, ерлігін мақтан ету бәрімізге парыз,-деді аталмыш мектеп директоры Айгүл Қасымова.

Шара барысында мектеп оқушылары мен ұстаздары дайындаған концерт қонақтардың назарына ұсынылды.

Әсем СЕРІКҚАЛИ