11.11.2019, 17:47
Қараулар: 408
Ұстазға құрмет көрсетілді

Ұстазға құрмет көрсетілді

Жексенбі күні аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балықов пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез ардагер ұстаз Сәния Әжібаеваның шаңырағына арнайы барып, облыс әкімі Ғали Есқалиевтың құттықтау хаты мен гүл шоғын табыстады.


Кейіпкеріміз осыдан жетпіс жыл бұрын Ресейдің Саратов облысы Ершов ауданында дүниеге келген. Бүгінде ол екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардан тараған немерелердің қызығына бөленіп отырған бақытты әже.

-Зейнеткерлікке аудан орталығындағы Садық Жақсығұлов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінен шықтым. Мен онда жиырма жылдай қызмет еттім. Жалпы еңбек ету жолдарым комсомолдан басталды. Ал ұстаздық еткен кезім, сонау 1971 жылдары Мерей ауылындағы шағын мектептен бастау алды. Кейін Райком комсомолда мектеп бөлімі болатын. Сол бөлімге хатшы болып орналастым. Сосын аудандық білім бөлімінде еңбек еттім. Бірақ ұстаздық еткен жылдарымды ерекше атап өткім келеді. Аталмыш мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болсамда, балалардың қазақы тәрбие көргендігін көріп қуанып отыратынмын. Шәкірттерім көп. Бүгін міне, облыс басшысы Ғали Есқалиевтен және ауданымыздың әкімі Алдияр Сансызбайұлының атынан алғыс хаттар мен құттықтаулар келіп жатыр. Оның өзі мен үшін үлкен қуаныш. Ол кісілерге және барлық аудан тұрғындарына алғысым шексіз,- дейді ардагер ұстаз Сания Әжібаева.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші өмірінің біраз жылдарын мұғалімдікке арнаған кейіпкеріміз қазіргі таңда аудан орталығында тұрады. Шәкірттерінің жетістігіне сырттай болса да қуанып отыратын Сәния Александрқызы сияқты ардагер ұстаздардың ортамызда ұзақ жасап, аман-есен жүре берулеріне, біз секілді жас ұрпақ шын жүректен тілекшіміз.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ