12.11.2019, 8:58
Қараулар: 526
Отбасылық кәсіпті қолға алды

Отбасылық кәсіпті қолға алды

Өз алдына жеке кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетуді мақсат еткен қосшылық отбасы бүгінде ірі қара малын өсіруді қолға алған. Бұған дейін қалалық жерде түрлі қызметтер атқарған Берқайыр Сембиев 2017 жылы өз алдына шаңырақ көтеріп, ауылға оралған көрінеді.


Жатса да, тұрса да ауылға келуді ойлаған кейіпкерімізбен қойдың өрісінен жолығып қалдық. Шопан ата түліктерін кең жазық далаға жайып жүрген Берқайырдың алдына қойған арманы баршылық.

-2018 жылы «Бастау-бизнес» бағдарламасы арқылы оқып, сертификатымды алдым. Биыл 3 млн 500 мың теңге көлемінде несие алып, кәсібімді бастадым. Қазіргі таңда өз еншімде 104 бас қой бар. Оның жүз басы аналық. Болашақта алдымдағы малды өсіріп, оның санын көбейтуді көздеп отырмын. Жалпы мал баққан елміз ғой. Алдығы уақытта мал санын көбейтуді мақсат тұтып жолдасым екеуміз барымызды салып жатырмыз. Қой өсіру таныс кәсіп болғаннан кейін, бізге аса қиындық туғызады деп ойламаймын. Қомақты несие алар кезде екі үйді жалға салдым. Бұйырса 2025 жылға қарай банктің ақшасын толықтай құтылып, жалға салған үйді қайтарып аламын деген ойымыз бар. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей малға қажет жем-шөпті дайынап қойдым. Биылдың өзінде 150 бума шөп алдым. Ерінбей алға қойған мақсатына жетіп, кәсібін дөңгелетемін деген жанға қазіргі таңда мүмкіндік мол,- дейді отағасы Берқайыр Сембиев.

Айта кетейік, жуырда Берқайыр мырзаның жолдасы Құбылғаным Наженова «Атамекен» палатасы арқылы «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатысты. Ол болашақта 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болып, ірі қара мал өсіруді жоспарлауда.

-Бөлінген қаржыға екі сиыр сатып алдым. Қорама кірген ірі қараға жем-шөпке өз қалтамнан жұмсадым. Қазіргі таңда күз мезгілі болғандықтан алған сиырларымыз суалып тұр. Негізінен олардың әрқайсысы үш литрдей сүт береді. Өзім ауылда өскен қыз болғандықтан сүт өнімдерін жасауды жақсы көремін. Сауған сиырдың  сүтінен қаймақ, май, құрт, ірімшік жасаймын. Алдағы уақытта сүт өнімдерін халыққа сатып, кәсібімді дамытқым келеді,- дейді Құбылғаным Наженова.

Мемлекеттік бағдарламаларды оңтайлы пайдаланып, өздерінің  ашқан кәсібінің пайдасына қарай жаратқан ерлі-зайыптылардың алға қойған мақсаты да айқын. Енді тек оларға аянбай тер төгу керек болады. «Бейнетіңнің зейнетін көр» деген бар қазақта.  Шаруаларын жүзеге асырып, маңдай терлерінің пайдасын көрсе нұр үстіне нұр болар еді.

Әсемгүл АМАНОВА