12.11.2019, 9:23
Қараулар: 585
Ауылға келген жастардың болашағы зор

Ауылға келген жастардың болашағы зор

Оян ауылына барған кезімізде қаладан көшіп келіп, шаруасын дөңгелетіп жатқан жастар бар дегенді естідік. Естігеннен кейін біз тыным табамыз ба? Жас отбасының айналысып жатқан шаруасымен танысуға асықтық. Аталмыш ауылдағы жалпы білім беретін орта мектебінде «ағаш ұстасы» болып қызмет ететін Асылбек Әжғалиев бұл күнде көп балалы отбасы. Бес баланың әкесі ағымдағы жылдан бастап мемлекеттің қолдауына ие.  


-Биылғы жыл біз секілді жас отбасыларға қолайлы болды. Мемлекеттік  бағдарламалар шығып, игі істерді бастауға оңтайлы кез. Жолдасыммен ақылдаса келе ауылға келіп, қойды көбейтіп жатырған жайымыз бар. Қазіргі таңда бес балам бар, алла бұйырса алтыншысын күтіп отырмыз. Балаларымның алды жетінші сыныпта оқиды. Атаулы әлеуметтік көмекке берілген қаражатқа қой сатып алдық, енді олардың санын көбейтуге барымызды салып жатырмыз. Малдың қысқы жем-шөбін дайындап қойдық. Балаларымды да қой бағумен қатар қара шаруаға да үйретіп жатырмын. Осыдан жиырма жыл бұрын қалаға кетіп қалғанмын. Ол жақта біраз жүрдік қой жетер деп, ауылға қайтып келдік. Отбасын құрғаннан кейін бала-шағаның қамын ойлау керек. Ол үшін отбасылық қорың болу қажет. Сол үшін қосымша кәсіп ашып, екі қолға бір күрек таптық. Биыл малға жайлы қора да салып алдым. Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында құдайға шүкір жағдайымыз көтеріліп келеді. Жылдың аяғында қаражатқа тағы да қойдың басын көбейткіміз келеді. Бір қыстап шыққаннан кейін асырап отырған малыңның тамағына, қанша қаражат керек болатындығы айдан анық. соны келер жылға артық-кемін есептеп малдың тамағына жұмсайтын боламыз. Ерінбеген жанға жұмыс та көп, табыста мол. Тек алға қойған мақсаттың қашан түбіне жеткенше тыным таппауымыз керек,-дейді Асылбек Әжғалиев.

Қой бағудың да өз қиындығы бар. Бірақ Асылбек секілді жалынды жастар барда, қайданда екі қолға бір күрек табылады. Асылбектің отбасы қаланың тынымсыз тірлігінен арылғанына қуанбаса, өкінбейтін сыңайлы. Ауылдың таза ауасымен тыныстап, көрші қолаңмен араласып, шаруасын дөңгелетіп отырғанға не жетсін, шіркін!

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ