12.11.2019, 9:50
Қараулар: 348
Қолға су құю дәстүріне мән бересіз бе?

Қолға су құю дәстүріне мән бересіз бе?

Қонақ десе құрақ ұшу қазекемнің қанына сіңген әдеті іспеттес. Бір қызығы үйге келген кісіні құдайы қонақ деп қарсы алып, оған арнап мал сою да тек қазақтың дәстүрінде бар. Сонымен қонақ қарсы алудың өзінде салт пен дәстүрді сақтаған халықтың тағы қандай ерекшелігі бар десек, қолға су құю әдеті еске түседі.


  Үйіндегі қара домалақтың мойнына сүлгі іліп, қолына құман мен табақ ұстатқан қазақ, қонақ күтудің әдебін бала бойына жастайынан осылайша сіңіреді. Келген кісіге деген ілтипатын қасы-көзі арқылы танытып қоймай, шынайы көңілін қатар көрсетеді. «Су етектен, бата төрден» дегенге құлақ асатын халық тіпті қолға су құюдың өзіндік тәртібін сақтауға үлкен мән берген. Жалпы мақаламыздың тақырыбын ашу мақсатында ұзақ жылдар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры болған Асқар Нұрмақов ағамызбен сұқбаттасқан едік. Кейіпкеріміздің айтуынша қолға су құю дәстүрі бүгінгі таңда еленбей, жойылып бара жатқан дәстүрлер қатарында тұр екен.

-«Әр елдің салты басқа, иттері – қарақасқа». Біз жыланның да басына ақ құйған халықтың ұрпағы болсақ та, бүгінде көп дәстүрімізден қол үзіп қалып жатқанымыз рас. Әсіресе, қонақ күтудің әдебі мен салтын ескере бермейтін жағдайларды көп кездестіреміз. Мысалы, бұрындары түн ортасында есігін қаққан жолаушыға «қош келдің» айтқан болса, бүгіндері түс мезгілінде үйге келген кісіні аулаға да кіргізбей шығарып салуға асығып тұратындар бар. Жалпы барлығы тәрбиеден бастау алады. Сондықтан қонақ күтудің әдебін әр адам жастайынан бойға сіңіруі тиіс. Көтеріп отырған қолға су құю тақырыбы бүгінде әбден жойылып бара жатқан дәстүр қатарында. Ертеректе қазақтың 5-6 жасар баласы мейманның қолына су құйып, батасын алған. Бүгінде тепсе темір үзетін баланы артық жұмсағымыз келмей тұрады. Мен өзім кішкентайымнан әкемнің жұмсауымен қонақтың қолына су құятынмын. Әлі күнге есімде, әкем қонақ келер алдында маған су құюды үлкен жұмыс етіп тапсыратын. Сондағы айтатыны «құмандағы суың жылы болсын, қолға суды тым көп, тым аз да құйма, қонақ қолын сүлгіге сүртіп болмайынша табақты алып кетпе»,-деген  секілді ескертпелер болатын. Сонда қонақтар батасын жаудыратын. Жалпы «ер батамен көгерер» деген халықпыз ғой. Осы күнге дейін абыроймен келе жатқанымыз, отбасымыздың амандығы – барлығы сол кездегі алған батаның арқасы шығар деп ойлаймын,- дейді Асқар Нұрмақов.

Бір қызығы кейбір жақта қонақтың қолына суды үйдің күйеу баласы құйса, енді бірде үйдің кенже ұлы құяды. Бұл туралы кейіпкеріміз былай дейді.

-Бір қонақтықтарға барғанда «қолға су құю керек, әлгі кім қайда кеткен» деп үйдің күйеу баласын іздеп жүретіндерді көреміз. Сол үйде күйеу баладан бөлек ешкім су құймау керек, ол соның ғана міндеті деген ұғым қалыптасқанға ұқсайды. Алайда өзім мұнымен келіспеймін. Себебі, ол қызмет тек күйеу балаға ғана қарап тұрған жоқ. Өзімнің төрт күйеу балам бар. Үйге келген қонақтың қолына суды өзім-ақ құя берем. Қазақ «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» дейді. Қайын жұртыма барғанда да осы уақытқа дейін маған қолға су құюды міндеттейтін кездері болған емес,-дейді ол.

Қонағын құдайындай сыйлаған халқымыздың қонақжайлылық қасиеті қашанда өз дәстүрін жоғалтпаған, сәннен кетпеген.  Бүгіндері заманауи ойлайтын жастардың қолға су құй дегенге «қол жуғыш тұрған жоқ па?» деп жауап берулері де ата дәстүріміздің өзгере бастағанын көрсетеді. Қазыналы шаңырақта ата-әженің сілтеуімен қолға су құюға таласатын буынның ертеңгі орнын кім басады? Жалпы өз үйіңізде ата дәстүрдің сақталуына қаншалықты мән бересіз, құрметті оқырман?

Әсемгүл АМАНОВА