13.11.2019, 17:48
Қараулар: 395
Деркөлдің бойы «демігіп» тұр. Қайтсек демалыс бағына айналдырамыз?

Деркөлдің бойы «демігіп» тұр. Қайтсек демалыс бағына айналдырамыз?

Ауданымыздың орталығы тазалық тұрғысынан бейқам отырған жоқ. Әрбір мекеме ұжымдары тұрақты түрде сенбілікке шығып, көшелерді тазартып тұрады. Көктем шыға көшет отырғызу, тал егу дәстүрге айналды. Десек те, абаттандыруда әлі де кемшін тұстарымыз бар.


Ауылымыздың дәл ортасынан Деркөл өзені ағып жатыр. Оның үстіне көпір салынған. Қазіргі таңда аталмыш көпірдің үстімен автокөліктер әрлі- берлі ағылуда. Өзеннің қарсы жағалауына жаңа үйлер салынып, шырайымызды кіргізуде. Осы орайда кез келген адам аталмыш көпірдің үстімен өткенде айналасына көз жүгіртуі заңды. Ал бұл жерде көз қуантатын ештеңе байқалмайды. Деркөлдің жағалауы қара барақ пен арамшөпке толы, өзеннің сәнін ол қатты бұзады. Ауылға әдемі әр беретін өзеннің бүгінгі сорлы күйі еріксіз қабаққа кірбің ұялатуда. Біздің ойымыз – болашақта Деркөлдің жағалауы абаттандырылып, орындықтар қойылып, өрнектас төселген серуен жолдары салынса, жарық шамдары орнатылса дегенге сайып тұр. Сонда бұл жер кешкілік халықтың көп жиналатын орнына айналар еді-ау! Әсіресе, жаңадан отау құрып жатқан жастар өзен жағасына келіп, естелік суретке түсіп, жандарын жадыратып алар ма еді?!

Айтуға оңай болғанымен, мұның бәрі қаражатқа келіп тірелетіндігі айдан анық. Бірақ, «жоқ» деп отыра беруге тағы болмайды. Жоқтан бар жасау керек-ақ. Бұл жұмысты жомарт жүректі кәсіпкерлер, не болмаса аудан орталығынан мектеп бітірген түлектердің бірігуі арқылы тындыруға болатындай. Оның үстіне мұндай қайырымдылықтың жарқын көріністерін өзге аудан-ауылдардан көріп жүрміз. Тіпті, бәсекелесіп жасап жатыр. Бірі өзінің туған ауылына саябақ салып берсе, енді бірі көшелеріне жарқыратып жарық шамдарын орнатуда. Болашақта тасқалалық патриоттар елге көрік берер игі бастаманы қолға алып, қолдай кетер деген үміт бар. Әсіресе, алдағы 2020 жылы мектеп бітіргендеріне 15, 20, 25, 30 жыл толатын аға-апаларымыздың «құлағына алтын сырға». Ендеше «елім!» деген ерлерді ауылға ат басын бұрып, игі істерді жұмыла көтеруге шақырамыз!

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ