19.11.2019, 17:41
Қараулар: 654
Сүйінші!

Сүйінші!

Тасқала ауданының орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің  4 сынып оқушысы Әнел Нұрболат кеше Сербияның астанасы  Белград қаласында өткен жарыста  каратэден  «Әлем чемпионы» атанды.


Жолда болуына байланысты жас каратэшімен сұхбаттасудың  сәті түспеді. Анасының берген мәліметіне сүйене отырып дайындалған шағын ақпаратты сіздермен бөлісуді жөн көрдік, қымбатты оқырман. Өйткені бұл тек бір отбасының ғана емес, күллі Қазақстанның жетістігі.

  • Әнел каратэмен 2018 жылдың қараша айынан бастап айналысуда. Биыл бір жыл толды. Нәтижесі жаман емес. Алғашқы жетістігі Ақсай қаласында өткен республикалық турнирда үшінші орынға  ие болғаны. Содан бастап жарыстардан қалған емес. Биыл ақпан айында Ресейдің Чебоксары қаласында өткен  жарыста үшінші, мамыр айында Тараз қаласында өткен жарыста екінші, қазан айында Чебоксары қаласында өткен турнирде жүлделі үшінші орыннан көрінді.  Облыстық, аудандық жарыстарда  үнемі жүлделі орындарды  иеленіп келеді. Ал осы жолғы жетістігі ата-ана үшін де, аудан үшін де үлкен тосын сый болды. Әнелдің аудандағы жаттықтырушысы Ажаргүл Шолақова. Ал оны ірі жарыстарға Фархад Жалмурзин дайындайды. Ол соңғы дайындықтардың көбін  Переметный ауылында  өткізді. Осы жолы Әнел  8-10 жас аралығында 30 келі салмақ дәрежесінде  каратэнің екі түрінен бағын сынады. Екеуінде де жолы болып жүлделі бірінші орынға табан тіреп, қос  алтынды  иеленді. Жарысқа еліміздің түкпір түкпірінен  2000-нан астам спортшы қатысты,-дейді анасы Магира.

Әнел болашақта каратэден жаттықтырушы болуды армандайды екен. Олай болса жеңісің құтты болсын жас чемпион! Біз сені әлі талай байрақты бәсекелерде биіктен көрініп, Қазақстанның көк туын желбірететініңе сенеміз.

Құрметті оқырман, алдағы уақытта Әнел Нұрболаттың газетімізге берген сұқбатын оқи алатын боласыз!

Назгүл Серікқызы