19.11.2019, 18:01
Қараулар: 427
АТЫ ШЫҚҚАН ЕРЛЕРДІ ЕСКЕ АЛАЙЫҚ…

АТЫ ШЫҚҚАН ЕРЛЕРДІ ЕСКЕ АЛАЙЫҚ…

Қазақтың  біртуар азаматы Мақаш Төлеуұлы Жүсіпов 1939 жылы  қаңтар айының 10 жұлдызында Камен ауданы Киров ауылында дүниеге келген. Жастайынан механизатор мамандығын меңгеріп аудан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосты. Комсомол жастар егіс бригадасында бригадир болып, ауыл жастарын  механизаторлық мамандыққа тәрбиелеуде қажырлы еңбек етті. Нәтижесінде «Красный Маяк» ұжымындағы түгелге дерлік механизаторлар бұл кісінің шәкірті болып саналады. Жастарды еңбек етуге тәрбиелеумен қатар жұмыстың  прогрессивтік әдісін батыл қолдана білді. Әсіресе жерді қайырмасыз жыртуды (безотвальная вспашка) ауданда бірінші болып тәжірибе жүзінде іске асырды.


Еңбек ете жүріп  ауылшаруашылық техникумын бітіріп агроном мамандығын алды. 1981 жылы бітік өскен егінді аз уақыттың ішінде қалдықсыз жинап Отан қоймасына жоспардан артық сапалы астық тапсырды. 1983 жылы ауданда мердігерлік бригада ұйымдастырған кезде жұмыстың прогрессивті әдісін қолданды. Егін ору кезінде жыл сайын жоғары өнім жинап жүрді. Бригаданы 17 жыл басқарды  жыл сайын тұрақты  жоғарғы көрсеткіштерге ие болып  жүрді. Сол үшін 1983 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Алтын жұлдызбен және Ленин орденімен марапатталды. Сол кезде Қазақстан Компартиясы  Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев бригада ұжымын табысты жетістіктерімен  құттықтап, арнайы ризашылығын білдірген болатын. Еңбек Ерінің есімі талай-талай  алқалы жиындарда үнемі аталып жүрді. Нар жүгін көтерген азамат Мақаш Жүсіпов ауданның «Құрметті азаматы» атағына ие, ауданның, облыстың партия комитеттерінің  бюро мүшесі  болып сайланды. Даңқы бүкіл Республикаға жайылды.

Мақаш  жауырыны жерге тимеген балуан. Қазақша күрестің бірнеше жүлдесін иеленген. Ауданда болған спорттық шаралардың ұйымдастырушысы болып көптеген спортшыларды тәрбиеледі. Мақаштың туған ағасы Жүсіпов Маркс атақты механизатор, әрі мықты спортшы болатын. 1976 жылғы механизаторлардың Бүкілодақтық  конкурсының жеңімпазы болып аты шыққан еңбек  ардагері.  1983 жылы «әр комбайынға 10 мың ц. егін ору» атты облыстық жарыста Маркс өз комбайынымен 17 мың центнер  егін орып алға шықты. Осы табысын еселеп басқа облыстарға көмекке барып жұмысын жалғастырды. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, Д. Қонаевтың құттықтау  хатына қол жеткізді.

1983 жылы ауданда егін мол шықты, әр гектардан 17 центнерден өнім алынды. Бітік шыққан егінді жинап алу үшін бір автомобильді батальон әскер көмекке келді. Тасқала көшелері тау – тау үйілген бидайға толды. Әсіресе Жуков көшесі, көмір тупигі, нан қабылдау пункіті мен ток алаңдары тау-тау үйілген бидайға толды. Қар түскенше бидайды элеватор мен қоймаларға көпшіліктің көмегімен жинап алды. Бұл аудан тарихында есте қалатын байлық болды. Осылайша аудан дихандарының көпшілігі мемлекеттік марапаттарға  ие болды. Мақаш пен Маркс екеуі де ауданның атын шығарған, елдің бетке ұстар атақты азаматтары еді.  Екеуініңде балалары әке жолын қуып, белді механизатор, аты шыққан палуан болып өсті. Бүгінде олар өмірден өз орындарын тауып, әкелерінің  жолын жалғастырып келеді. Орнында бар оңалар деген осы.

 

Арон Жұбанышев,

Тасқала ауданының Құрметті азаматы