19.11.2019, 18:05
Қараулар: 264
Асаба неге «асыра сілтейді»?

Асаба неге «асыра сілтейді»?

Дәм-тұзды ақтап, достықты сақтай білген қазақты тойсыз елестету мүмкін емес. Бұрыннан-ақ отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлаған халқымыз бүгінде қымбат мейрамхананы  жалға алып,  ішін жылтырыққа толтырып, әйтеуір тойды естен кетпестей өткізуге барын салып жүр. Бұнда бір жағынан, той иелерінің мәрттігі көрінсе, енді бірде «жұрттан қалмау» деген арзан бәсеке жатқаны белгілі. Алайда біздің айтарымыз ол емес.

Ия, біздің айтарымыз, тойға жұмсалатын шығын да, жайылатын дастархан да мәселесі емес. Тойдың жұрт ойлағандай өтуіне бірден-бір себепші асабалардың кейбір «қылықтары».


Орта жасты алқымдап қалған кісілердің «кеше тойға барып едім, шаршап шықтым» дегенін жиі естиміз. Бір қызығы олар қатты музыка мен шулаған көпшілікке емес, көп жағдайда асабаларға деген өкпе-назын білдіреді.

Әлеуметтік желіге жарнамасын жарқыратып салатын асабалар бірінен-бірі озады. Өткізген тойларынан үзінділер салып, жұрттың мәз-мейрам кейпін көрсетеді. Бұны көзбояушылық деуден де, асабалардың бәрі бірдей деп көпке топырақ шашудан да аулақпыз.

Сөздің жүйесін тауып сөйлеп, қызыл тілден бал тамызатын асабаға көпшілік «Паһ, шіркін» деуден аянбайды. Алайда өзін қайта-қайта мақтап, қонақтарды тыныштандырып қана жүретіндерін де кездестіруге болады. Ал кейбіреулерінің ойнататын ойындары тіпті сын көтермесі айдан анық.

Жақында WhatsApp желісі арқылы тараған бейнебаянда тойда ойналған ойын көрсетілген. Онда ер адамның галстугін ұзыннан қойып, екі әйел бір-біріне арқасын тақап галстукті аяқтарының ортасына қойып тұр. Музыка қосылғанда билеп, айырғанда галстукті алып үлгеру керек екен. Содан екеуі музыка тоқтауымен ал келіп алыссын. Екі аяқтарының арасынан галстукке таласқан әйелдерде бір уақыт ес жоқ па деп те қаласың. Етектерін әбден жиырып, сандарын жарқыратып таласқан әйелдер айналадағы бөтен көздерді де әбден ұмытқан. Ол аздай мәз-мейрам болып қол шапалақтаған жұрт ойынның қызығына әбден түскен екі әйелге тіптен дем беріп тұр-ау.

Тойға барамыз деп масқарасы шыққан жандандарды шын аяп та кетесің. Алайда, ол жердегі бар кінә толық кімде? Тойдың да естісі бар, есері бар дейді халқымыз. Біреудің бар жиған-тергенін шашып жасаған тойын ессіз етіп өткізіп, ол үшін қыруар қаржы алып кететін асабалар асыра сілтеуін қойса қайтеді? Қазақтың тойын дархан даланың кейпіне ұқсатып, рухани кешке айналдырып өткізуге не кедергі?

Әсемгүл АМАНОВА