19.11.2019, 18:07
Қараулар: 360
Кәсібін дамытқан кәсіпкер Амангелді…

Кәсібін дамытқан кәсіпкер Амангелді…

Мал шаруашылығы Бисенғалиевтар әулеті үшін атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсіп. Бабалар ісінқырықтың қырқасынан енді асқан Амангелді Бисенғалиев жалғастырып отыр. Ол қазіргі таңда «Райымбек» шаруа қожалығын басқарады. Қожалық Қазақстан округінен 15 шақырымдай жердегі «Новостройка» қыстағында орналасқан. Малға да, шаруаға да ыңғайлы 2500 гектар жері бар. Шөбінің құнарлылығы соншалық,  қыс түскенше малды еркін жаюға әбден болатын көрінеді.


Амангелді Бисенғалиев мал шаруашылығымен айналысуға жастайынан бел буды, ата кәсіпті бірден таңдаған шаруа көзін ашқаннан малдың қасында келеді. Көргендері мал болғандықтан бағып-қағудың қыр-сырын жақсы біледі. Амангелдінің әкесі Қуаныш пен анасы Гүлжан 20 жыл совхоздың малын баққан еңбекқор жандар. Қуаныштың әкесі Ораз да малшы болған. Яғни Амангелдінің ата кәсібі десек артық болмас.

-2008 жылы отбасымен ақылдасып, «Райымбек» шаруа қожалығын құрдық. Әрине, мал басын көбейту оңай шаруа емес. Бірақ еңбегіңнің жемісін көргенде қуанасың. Біздер әуелі «Новостройка» қыстауына 2011 жылы көшіп келдік. Содан 1999 жылы «Жетіқұдық» деген жерді қоныстандық. 1999-2011 аралығында Тазкөл қыстауына көшіп өз күнімізді көрдік. Жаз бойы пішен дайындап, қажетті шөпті қыстақ басына молынан жеткізіп аламыз. Бір отбасы түгелдей жұмыла жұмыс істеуде. Ынтымағымыз жарасып, артық сөзге уақыт таппай, керісінше қандай шаруа болмасын түсіністікпен атқаруға барымызды саламыз. Қазіргі таңда қожалығымызда 150 сиыр, 220 жылқы бар. Мал суаратын екі бөгетіміз бар. Шаруаға қолайлы техниканы түгел сатып алдық. Мал басын көбейтуден бөлек малды асылдандырумен де айналысамыз. Ол үшін жақында тұқымды бұқа сатып алдық. Шамамыз келгенше несие алуға жақындамаймыз. Оданда өз қаражатымызбен күнімізді көргенді артық санаймыз, -дейді Амангелді Бисенғалиев.

Олар үшін дағдарыс қорқынышты нәрсе емес. Мінсе – көлік, жесе – тамақ, ішсе–сусын, кисе–киім болатын қора толы төрт түлігі тұрғанда олар еш нәрседен қысылмайды. Себебі бар байлығы қолындағы малы болғандықтан бұл отбасы ас-сусыз қаламын демейді. Өйткені олар өздерінің ата кәсібін қолға алып, таза еңбегімен күндерін көруде.

Болатбек САПАРҒАЛИЕВ