20.11.2019, 9:38
Қараулар: 765
Нан бағасы «қайда барады»?

Нан бағасы «қайда барады»?

Өңірде нан бағасы қымбаттады. Осыған дейін 100, 110 теңгеден сатылған нан бүгіндері 20 теңгеге өсіп отыр. Аяқ астынан өскен ас атасының бағасы енді тұрақталады ма? Жауапты тарапты сөзге тарттық. 

Захар Жолдыгалиев «Нәйла» дүкені:

  • Нанды қалалық және жергілікті наубайханадан аламыз. Қалалық наубайханадан 120 теңгеден аламыз, ал жергіліктіде 118 теңге. Дүкенімізде нан бағасы 120 теңге. Тек қара нан 125 теңгеден тұр. Былай қарағанда нан сатудан түсіп отырған пайда жоқ, керісінше, шығыны болмаса. Себебі біз ол нанды ораймыз, сақтаймыз. Тұрғындар көбінесе, қалалық нанды сұрайды. Әрине, нан соңғы уақытта аяқ астынан қымбаттап кетті. Өзіміз де күтпеген едік. Оның себебі, қазір астық бағасы қымбат. Жаз айларында астық бағасы 3-4 рет өзгерді. Алғашында 200-300 теңгеге өсіп отырған, соңғысында кенет 1000 теңгеден бір шықты. Жазда нанды 100 теңгеден саттық. Қазір 130 теңгеден қоюдың орнына алған бағамыз 120 теңгеден беріп отырмыз. Тұтынушыларға жағдай жасау жолын қарастыру мақсатында осындай әрекетке барып отырмыз.

 

Алена Филиповна «НұрАй» наубайханасы:

  • Нанды қалалық «№1 наубайханасы» алып келеді. Бағасы 120 теңгеден. Тәтті нанды 125 теңгеден тапсырады. Осыған дейін 100 теңгеден алып, 105 теңгеден сататын едік. Қазір дүкендегі нан бағасы бірдей, 130 теңгеден. Бұл баға тек біздің дүкенде емес, барлығында солай. Өзімізде наубайхана болғанмен нан пісірмейміз. Алғашында пісірдік, алайда нан дайындау басқа жұмыстарды ұстап қалатын болды. Себебі наубайханамыз, көбінесе, тәтті бәліштер мен басқа да нан тауарлары арқылы танымал. Күніне 15-20 дана нан пісірсек, бәліштер мен торттарға уақыт болмай қалатын болды. Сондықтан нанды сатып аламыз. Алайда бағасы өсіп кетіп, кәсіпкерлерге де, тұтынушыларға да пайда алып келмеді.

Людмила Владимировна «Шағала» дүкені:

  • Қалалық наубайханадан 120-125 теңгеден аламыз. Қазір 130 теңгеден сатып отырмыз. Тәтті нанның бағасы 120 теңге. Расымен де, нан бағасының күрт өзгеріп кеткені қиын болды. Бізден де тұрғындар «неге қымбат» деп сұрайды. Алайда біздің қолымыздан ештеңе келмейді. Біз тек алған нанның бағасына 5 теңге қосамыз және өз қалтамыздан шыққан пакетке ораймыз. Нанды тек сатып алу емес, оны сатудың өзінде алып бара жатқан пайда шамалы.

 

Нан бағасының өсуіне бидай құнының қымбаттауы бірден бір себеп. Бұл туралы аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Айгуль Нуретова айтып берді.

  • Елімізде 2019 жылдың алғашқы он айы бойынша бірінші сұрыпты астық 20%-ға өсті. Ал нан құны 13,5%-ға артты. Ауылшаруашылық министрлігінің айтуы бойынша бағаның өсуі Қазақстандағы бидай дақылдарының аздығымен байланысты. Жыл сайын Қазақстанда өсірілетін бидайдың жартысына жуығы шикізат түрінде экспортталатындығын ескеру қажет. Ұнның жалпы көлемінің шамамен 40% ғана өңделеді. Бүгінгі таңда нан бағасының күрт өсуіне мамандар да алаңдауда. Жалпы алдағы уақытта барлығын халықтың есесіне орай шешу мақсатында жұмыстар атқарылатын болады.

Ас атасының бағасы халықтың қалтасына оңай соғып тұрмағаны белгілі. Бір жағынан кәсіпкерлердің де бұл күндері мазасы болмай жүргені бар. Жалпы нарық бағасы қайда барып тоқтайды? Бұл сауалға мамандар да, кәсіпкерлер де тоқ-етерін айта алмай отыр…

Әсем АМАНОВА