20.11.2019, 10:01
Қараулар: 518
Қолөнерге қолдау аз

Қолөнерге қолдау аз

Ауылдағы ағайындардың арасынан өнерлі отбасылар кезігетіні сөзсіз. Достық ауылында тұратын Қарлыға Әжғалиева бүгінде екі баланың анасы. Жолдасы Ерғали Әжғалиев аталмыш ауылдағы мәдениет үйінің қызметкері. Жуырда жақсылыққа жаны құмар жандардың шаңырағында болып, олардың қазіргі тірлігімен таныстық. Үй шаруасында отырған Қарлыға Әжғалиева бос уақытында қолөнермен де айналысады екен.    

-Жалпы қолөнер бұйымдарын жасауға бала күнімнен бейім болатынмын. Шашқа тағатын бұйымдар жасап үйреніп алдым. Мектеп бітіруші түлектерге, ауылдағы қуанышты сәттерге арнап қолдан бұйымдар жасап беремін. Той-домалақта пайдаланатын заттарды жасап апарамын. Бір жағынан қолыңнан іс келгені жақсы. Себебі жақын тума-туысқа бара жатқан кезде кейде шыны керек құр қол барғың келмейді. Сол кезде мені осы бұйымдар құтқарады. Қаладағы базар дүңгіршіктерінде сатып отырған заттардан, қолдан шыққан бұйымдардың еш айырмашылығы жоқ. Керісінше сапасы жағынан олардан әлдеқайда алда деп ойлаймын. Шыны керек бірнәрсені жасаймын деп қолға алсам, оған сонша уақытымды арнап және оның сапалы шығуына аса мән беремін. Қыздардың шашқа тағатын бантиктерін әртүрлі формада жасап беремін. Бағасы да қымбат емес. Бір бантик 500 теңге. Шабыт келген кезде бір күнде жасап шығамын. Терезе жапқыштарын да өз қолыммен тігемін. Айналамдағы тума-туыс тапсырыс беріп жатса, қуана қабылдаймын,- дейді қолөнерші Қарлыға Әжіғалиева.

Негізінен ауыл жақтағы ағайынның қолөнер бұйымдарын көп түсіне бермейтіндігін кейіпкеріміз алға тартады. Достық ауылында шеберлер баршылық. Бірі автокөліктің дөңгелегін жөндеп берсе, енді бірі қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Бірақ әлі де қолөнер мен шеберлердің жасаған бұйымдарын сұранысқа ие болатындай жағдай жасалу керек екенін кейіпкеріміздің өз аузынан естідік. Әркім өзінің қолынан келген ісімен айналысып күнін көруде.

Бүгінгі мақаламызға арқау болған Әжғалиевтерді өнерлі отбасылардың қатарынан көрдік. Жолдасы Ерғали игі жақсылықтардың ортасында жүрген танымал асаба болса, өзі қолөнермен айналысып отырған үй шаруасындағы ана. Тату тәтті бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан Ерғали мен Қарлығаның тәрбиелеп өсірген ұлы мен қызы да өнерден құр алақан емес. Олар да ата-анасына қосылып ән салғанды ұнатады.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ