20.11.2019, 10:07
Қараулар: 478
Кәсібі де нәсібі — «Қыз жасауы»

Кәсібі де нәсібі — «Қыз жасауы»

Газетіміздің өткен сандарында өз алдына кәсіп ашып, нәпақасын тауып отырған жандарды жазған болатынбыз. Олардың қатарында мемлекеттік бағдарламаға сүйенгендер де, өз бетімен қаржы тауып жұмысын бастағандар да бар. Ал бүгінгі нөмірде көрпе тігіп, қыз жасауын жасайтын жерлесіміз Құндыз Мақсотова туралы айтпақпыз.


Теректі ауданының тумасы Құндыз Мақсотова ауданымыздың Ынтымақ ауылына келін болып түскен. Алғашқы уақыттан-ақ енесінен көрпе тігіп үйренген ол, болашақта бұл істі кәсіп қыламын деп ойламаса керек. Алайда бүгін жастар категориясы бойынша несиеге қол жеткізген Құндыз ханымға тапсырыс берушілер қатары жеткілікті.

-Өзім мамандығым бойынша есепшімін. Қазір бала күтімі бойынша үйдемін. Кәсібімді жүргізіп отырмын. Көрпені де, оның тысын да қолдан тігеміз. Қажет құралдар бар. Бұрын-сонды бұл іспен айналысқан емеспін. Барлығын енемнен үйрендім. Келін көрпесі, шай көрпе, қонақ көрпе секілді түрлерін жасаймыз. Құрақ құраймыз. Тапсырыс беруші өзіне қажет дүниесін, яғни оның түсін, матасын – барлығын өздері таңдау жасайды. Кейде қажет құралды бірге жүріп аламыз. Біреулер тек көрпенің өзіне тапсырыс берсе, біреулері тысын ғана алады. Тысталған әзір көрпені алушылар қатары да жоқ емес. Мен көбіне үйден тігемін, дайын болған тапсырыстарды үйде ұстаймын,- дейді жас кәсіпкер.

Кәсіпкер қолынан шыққан дүниелерінің сапасына ерекше мән беретінін жеткізді. Ұзындығы 2 метр, ені 80 см-ден тігілген көрпеге 3,500 кг жүн салады. Көрпенің тым қалың, әрі тым жұқа болмауына да мән береді екен.

-Көрпе тігудің өзі үйреніп алған адамға қиын жұмыс емес. Алайда жүннің өзін дайындау біраз уақыт алады. Ауылдардан жүн сұрап, сатып аламыз. Жүнді 500 теңгеден алып, оны жуып, түтеміз. Соның барлығы қанша уақыт алса, соншалықты күшті де қажет етеді. Тысымен дайын көрпені 12500 теңгеден сатамын. Былайша көрпенің өзі 6500-7000 теңгеден. Сондай-ақ, мақта көрпелер де бар. Оның бағасы 5000 теңгеден,- деп өзінің жұмыс барысынан хабар берді.

Ісмердің қолынан көпшіктер де шығады. Мақта және синтепон материалдарынан дайындалатын көпшіктердің де бағасы қолжетімді. Жалпы қыз жасауының жиынтығы 100 мың теңгенің шамасында болмақ. Сонымен қатар ұлттық нақышта киім тігу де кейіпкеріміздің ойында бар. Кәсібін жаңадан бастаған Құндыз ханымның қолынан шыққан дүниелері көптің көңілінен де шығуда. Бүгіндері алған тапсырысын үйден дайындайтын кәсіпкер келешекте жұмысын дөңгелетіп, үлкен «Қыз жасауы» дүкенін ашуға ынталы. Құндыз ханымның бұл ісіне береке тілейміз.

Әсемгүл АМАНОВА