20.11.2019, 10:19
Қараулар: 473
Қырық жыл бойы бір жұмысты кәсіп еткен

Қырық жыл бойы бір жұмысты кәсіп еткен

   Халқымыз қариясын көптi көрген, ақыл тоқтатқан елдің сыйлы азаматы, ауылдың қазынасы деп  қадiр тұтқан. Қандайда бiр дау-дамай туа қалса, не болмаса бiр iске ақыл-кеңес керек болса осындай қарияларға келіп жүгiнген. Солардың айтқан шешiмдерiне тоқтаған. Алысқа сапар шексе де, алдымен солардың алдынан өтiп, ақ батасын алған ұрпақпыз.  


Сондай ақсақалдарымыздың бірі ояндық Дінбаян Ғаббасов. Біз де Оянға барған сапарымызда алдымен кейіпкерімізге соғып сәлем бердік. Оның ғибаратты әңгімесіне құлақ түріп, әлі де елім дейтін ақсақалдардың барына риза болдық. Қазіргі таңда Дінбаян ақсақал «Қосшы» ауылдық округі әкімі аппартының жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

«Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең» дейді халқымыз.  Жастайынан еңбекке ерте араласып, ауылдың көркеюіне бір кісідей үлес қосқан кейіпкеріміз бүгінде жетпістің бесеуінде. Буырыл тарқан шашы ғана болмаса, Дінбаян ағаны қарттыққа қимайсың. Қимылы ширақ. Жан жары Жұмағаным екеуі өмірге екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірді. Оларды қатарынан кем қылмай, жоғарғы білім алуына да жағдай жасады. Бүгінде әрқайсысы өз алдына бір-бір үй болды. Олардан тараған немере-жиендер де қарияның көз қуанышы. Қалған ғұмырында солардың тілеуін тілеп, жетістіктеріне қуанып отырады.  Кейіпкеріміз қырық жыл бойы совхозда   электр дәнекерлеуші болып еңбек еткен жан.

-Көзге шағым айта алмаймын. Көру, есту қабілетім жақсы. Бірақ газет оқуға келгенде көзәйнек  киетінім  рас. Оны мойындау керек,- дейді ол әңгіме барысында. «1968 жылы №78 қалалық техникалық кәсіптік училищені бітіріп келгеннен соң совхозға жұмысқа кірдім. Содан бері осы жерде 2008 жылға дейін үзбей қызмет істедім. Кейін зейнеткерлікке шықтым. Қазір де өзімнің сүйікті ісімнен әлі қол үзгенім жоқ. Күнде болмағанмен ара-тұра балаларымның керек жарағын дәнекерлеп беріп отырамын. Ол кездегі  менімен бірге жұмыстас болғандардан қазір ешкім қалмады. Бәрі де өмірден озып кетті. Мен Нәубет Сарсенбаев деген білікті директордың қарауында қызмет еттім. 1959 жылы Сталин колхозы тарап, күзінде Степной совхозы құрылды. Мен ол кезде тоғызыншы класта оқитынмын. Сол жылы  жазғұтырым онжылдық мектептің алғашқы түлектері мектеп бітірді. Мен одан кейінгі жылы бітірген екінші түлекпін. Оян колхозы соғыстан кейін Сталин колхозы болып өзгерді. Соған дейін Кенжин Сатым басшылық жасаған миллионер колхоз еді. Негізі аталарымыз сонау 1926 жылы    Жаңақала жерінен осы жаққа қоныс аударған. Ертеде салт атпен қоныс тебетін жер қарап жүріп, осы жерге тоқтаған. Үлкендердің айтуынша бұл жер  Мартынов деген байдың үлкен баласының жері екен. Кешегі ревалюция кезінде жер иесіз қалған. Содан аталарымыз Жаңғаланың № 9 және №12 ауылдарынан осы жерге қоныс аударған. Сол кезде тек екі ру көшіп келген. Содан соң 27-28 жылдары колхоздастыру басталғанда Оян колхозы деген атау берген. Сөйтіп олар қолдарындағы бар малын колхозға беріп, бастарын біріктірген. Нәубет Сарсенбаев басшылық жасаған уақытта жан-жақтан тұрғындар көптеп көшіп келді. Сол кезде 39 мың қой, 4 мың сиыр, 40 тың үстінде қыстақ болды. Сонау дүрбелең жылдары содан екі үш қыстақ қана қалды. Қазір үкімет еңбек етемін деген жастарға бар жағдайды жасап жатыр. Кейінгі кездері байқаймын, жастарымыз шаруашылық құрып, мал өсіріп, өз кәсіптерін жүргізуге көптеп ниеттенуде. Бұл құптарлық іс. Менің де кенже балам өз алдына шаруашлық құрып, бүгінде соны дамыту үстінде. Әрине, үлкейсек те қарап отыра алмайсың. Қолдан келген көмегімізді беріп, ақылымызды айтып отырамыз-дейді ол өз сөзінде.

Соңғы кезде немересiн алдына отырғызып алып, ақылын айтып, еңбекке баулып отыратын осындай қарияларымыздың азайып бара жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Тарихтан сыр шертіп, үлкен-кiшiге үлгi болып, өнегесiн көрсететiн, бұрыс жерде дұрыстап, дұрыс жерде қолдап жiберетiн осындай қазыналарымыз қайда кеттi?!

 

Сондықтан бірер жылда алтын тойға жеткелі отырған, орамды ойы, пайымды пікірі бар Дінбаян ақсақалдай қазыналы қарттарымыз көп болса ғой деп тілейсің.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы