3.02.2020, 11:10
Қараулар: 396
Ауыл-аймақты ұйқысынан оятатын бағдарлама қажет

Ауыл-аймақты ұйқысынан оятатын бағдарлама қажет

Ауылдық жерлерде жұмыс көзі аз. Екі қолға бір күрек табу қиын. Мектеп, әкімшілік, мәдениет үйі сияқты санаулы мекемелер болмаса ауылдың жағдайы құрдымға кететін түрі бар. Десекте жата-жата жамбасы ауырған ауыл азаматтары біріксе, әлі де тау қопаратындай қабілеттері жоқ емес. Бірақ оларға жақсы бастама керек. Кезінде жоғары жақтан бекітілген, ауыл-аймаққа үгіт насихат жүргізіліп енді-енді қолға алына бастаған «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» (СПК) құрылымы оң нәтижесін беріп еді. Бірақ аталған бағдарламаның да «ғұмыры» ұзаққа бармады. Дегенмен АӨК құрылымын әлі күнге ұстап отырған шаруалардың біріне барып мән-жәйды біліп қайттық. I Шежін ауылында тұратын Аймырза Сүндетқалиевпен жолығып ой пікіріне құлақ түрдік.


-Біз аталған құрылымды алғашқы рет 2014 жылы құрдық. Ол кезде 60 бас ірі қарамен бастаған болатынбыз. Басында ауыл адамдарымен бірігіп АӨК құрылымын ашқан кезде сан түрлі күдік туғаны рас. Бұрын әр басқа 18000 теңге төленетін еді. Кейін оны қысқартып тастады. Яғни әр бас малға 10000 теңгеге төмендеді. Ол уақытта 350000 теңгеге бір бұқа сатып алатын едік. Бұл суммалар жылына бір берілетін. Сол кезде 30 бас аналық малға бір бұқа алуға рұқсат ететін. Кейінгі есеп бойынша 25 басқа бір бұқа дегенді шығарды. Жалпы «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» құрылымдары (СПК) ауыл халқына тиімді. Бұқа сатып алынған ақшаның 150000 теңгесін субсидиялады. Біріншіден жеке малды асылдандыруға қолайлы, сонымен қатар олардың санын арттыруға да болады. Екіншіден АӨК-ның мүшелігінде барлар, малдары үшін бақташыға ақша төлемейді. Ол үшін бас қатырмайды да. Биылғы жылы әр малдың басына 28000 теңгеден төленсе деген ұсынысымызды жоғары жаққа бердік. Егер осы ұсынысымыз қабылданса, онда АӨК-ін құрғандар үшін тиімді болар еді. Техника алуға да көмегі болады. Шығатын шығында жоқ емес. Малдың жем-шөбі бар, бақташының еңбекақысы мен АӨК-ның салығына төленетін төлемдер бар дегендей. Мысалға айтар болсақ, алпыс басқа екі бұқа сатып аламыз. Олардың күйінің жақсы болуы үшін алдарынан жем-шөпті аямаймыз. Себебі бұқалар арық болса, керек уақытында жарамай қалады. Басында халық басқаша түсінген сияқты. АӨК құрылғанда кезінде колхоз, совхоздарды ұжымдастырған секілді бәрінің малын қораларынан алып кетіп, бір жерге жинағалы жатыр деп түсінген-ау шамасы. Жоқ олай емес, әркімнің өз малы өз қорасында тұрады. Малдарын бақташыға бақтырады. Еңбекақысы аталған құрылымнан төленеді. Есесіне малы ұрылардан аман болады. Бағымда жүрген малды кім ұрлайды. Ізім қайым жоғалып жатқан малдар, сол бақташының жоқтығының кесірі емес пе?. Тек ауыл халқы бірігу арқылы шаруаларын жүргізіп, әрі қарай мал басын көбейтуге зор мүмкіндік алатынын түсінуі қажет. Бірақ АӨК-ның құрамына кірген малды екі жыл бойына сойып немесе сата алмайды. Себебі сол мал арқылы субсидия алып отырғандықтан ондай жөнсіздікке жол берілмейді. Соны ескерген жөн. Сосын ауыл тұрғындары мынаны түсіну қажет. «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» құрылымдарына екі немесе үш адамнан бірігуге болады. Әрі қарай қанша адам тіркелсе де шектеу жоқ. Аталған құрылыммен аздаған пайызбен есептетіп, несие алуға да болады. Неғұрлым АӨК-нда мал саны көп болған сайын, соғұрлым тиімді. Өз басым аталған құрылымның көп болғанын қалаймын. Жалпы ауылда тұрған халық үшін өте қолайлы бағдарлама.

Алты жылдан бері ауылдастарымен бірге жұмыстанып келе жатқан Аймырза Сүндетқалиевтің айтары осы. Ауылдық округтерде өткен есептік кездесулер болсын, одан да басқа уақыттарда аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы халық алдына барған кездерде «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» құрылымдары жөнінде түсіндіруде. Оның тиімді жақтары мен мал санының артатынын ұдайы айтып келеді. Бірақ, әзірге ауыл тұрғындары ой үстіндеме, әйтеуір қозғалыс байқалмайды. Егер ауданымызда  жаппай АӨК (СПК) құрылуына ауылдық округтегі тұрғындар барынша кіріссе, онда тұрмыстық жағдайдың біраз түзелеріне сенім мол. Субсудияланған қаражатқа техникалар сатып алынып, жер жыртылып, бау-бақшалар егіліп, сондай-ақ мал саны көбейіп, жалпы айтқанда қазіргі ұйықтап жатқан ауылдарға жан бітер еді.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ