3.02.2020, 12:38
Қараулар: 379
Қоқыс аймағы қоршалмай, жағдай түзелмейді

Қоқыс аймағы қоршалмай, жағдай түзелмейді

Тасқалалықтар үшін тазалық мәселесі тың тақырып емес. Тазалық деп қайталай беруден бөлек, ауылдың ажарын ашатын іс-шаралар атқарылмай жатқан жоқ. Дегенмен де, қуысты мекендеген қоқыс пен үйіп тастаған үйінділерден көз ашпайтынымыз рас.

   Бұндайда «Біреудің кесірі біреуге тиеді» деген сөз еске түседі. Себебі, ауыл тұрғындарының бір қатары тазалық үшін үлесін қосуға барын салса, бір қатары басқалардың еңбегін еш етуде. Түймедей мәселені «бас ауруына» айналдырып отырған өзіміз болсақ, бұдан кейін ол күн тәртібінен қайтіп түссін?


Бүгіндері ауылдың тазалық мәселесіне атсалысып, жәрдем беремін деген «Нұр»

жеке кәсіпкерлігі өз жұмысын жүргізуде. Ашылғанына бір жылдай ғана уақыт өтсе де, аталмыш кәсіпкерлік бұған дейін фото-видео монтаждау, сауда салалары бойынша қызмет көрсетіп келеді. Соңғы уақыттары олар ауыл ішін қоқыстан тазалау мақсатында жаңа істі де қолға алуда. Кәсіпкерлік иесі Нұр Ғаббасовтың сөзіне сүйенсек, тазалық мәселесін бір жүйеге түсіру әлі де айтарлықтай уақыт пен қажыр-қайратты талап етуде.

 

-Осыған дейін тазалық мәселесінің қайта-қайта айтылғанын естіп өзім де үлесімді қоссам деген ой келді. Содан халықпен келісімшартқа отыруды жөн көрдік. Бүгінде Тасқала округі бойынша 400 үй келісімшартқа отырды.Бұл ауыл тұрғындарының 30%-ы ғана. Келісімшартқа отырғандарға қойылатын талап кісі басына 100 теңгеден төлеу. Бұл айына бір рет қана төленеді. Ал қоқыс бір айдың ішінде 8 рет шығарылады,- дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, «Нұр» жеке кәсіпкерлігі бір отбасынан 500 теңгеден артық қаржы алмайды. Егер көпбалалы отбасы болып, үйде 6-7 адам тұратын болса, ол жанұя тазалық үшін тек 500 теңге төлейді. Бұл аталмыш кәсіпкерліктің тұрғындарға жасаған жеңілдіктердің бірі ғана. Үйдегі тұрмыстық қалдықтардан құтылудың амалы сан түрлі. Дегенмен, өзіңе ғана емес, өзгеге де зиян тигізбеудің жолын қараған жөн-ау, шамасы. Мысалы, бүгінде «Нұр» жеке кәсіпкерлігімен келісімшартқа отырған халық үшін өзгелердің тигізіп жатқан зияны жоқ емес. Бұлай деуімізге себеп, келісімшартқа отырмағандар қатары қоқысты кез-келген жерге тастап кетуден, көршілері шығарып қойған қоқысқа қосып қоюдан тайынар емес.

-Біз дүйсенбі күні сағат 8-ден бастап жұмысқа кірісеміз. Орталықтағы Абай көшесінен бастап, жақын-жердегі көше бойын тазалап шығамыз. Сейсенбі күндері өзге бағытта жұмыстанамыз.Мысалы Жақсығұлов шағын аудандарын және сол маңдағы көшелерді аралаймыз. Келісімшартқа отырған халық қоқысты қай уақытта шығару қажеттілігін біледі. Бесенбі және жұма күндері осы жүріп өткен көшелерді тағы бір аралап шығамыз. Тұрғындар жұмыста немесе басқа да бір себептермен үйде болмай қалатын болса, қоқысты уақытынан ерте шығарып кетеді. Ондай кезде ит пен мысық шашып тастауы мүмкін. Оны өзіміз жинап салып аламыз. Бір өкініштісі, келісімшартқа отырмаған халық, кезінде тұрған контейнерлердің орнына алып барып, қоқыс төгіп кетеді. Оны біз сәрсенбі күні тазалап өтеміз. Негізі, келісімшартқа отырмағандардың қоқысын тазалау, контейнер орнын жинап шығу менің міндетіме жатпайды. Тек жұмысымды көрсетейін, бәлкім халықтың сеніміне кірермін, кәсіпкерліктің жұмысын көрген халық оң қабақ көрсетер деген ниет қана,- дейді Нұр Ғаббасов.

Сондай-ақ кәсіпкердің айтуынша қоқыс шығару жұмысынан айтарлықтай пайда түсіп отырған жоқ. Бірақ бара-бара халықтың оларға деген сенімі күшейіп, жұмыстары жүріп кетер деген ойлары да жоқ емес.Айта кетейік, «Нұр» жеке кәсіпкерлігі ауыл ішінен жинап шыққан қоқысты ауыл сыртындағы көң-қоқыс орнына төгеді. Ал ауыл маңын жатқа білетін тасқалалықтар ол көң-қоқыстың қандай жағдайда екенін біз айтпасақ та, жақсы біледі. Айналасы еш қоршалмаған көң-қоқыс орны көктем келе тұрғындардың мазасын қалай аларын сөзбен жеткізу қиын. Әсіресе, Чурилина, Жасыбаев, Жеңіс көшелерінің тұрғындары жазғытұрым біраз жүйкелерін тоздырады-ау. Бұл жөнінде кәсіпкер былай дейді:

-Ауыл сыртындағы көң-қоқыс орны Тасқала ауылдық округі әкімдігіне тиесілі. Менде ауыл ішінен жинаған тұрмыстық қалдықтарды сол орынға төгуге рұқсат қана бар. Ал басқаша мәселеге араласа алмаймын,-дейді ол.

Аталмыш мәселе бойынша Тасқала ауылдық округі Г.Мұқамбетқалиевамен жолыққан едік.

-Ауыл тазалығы мәселесі–бұл экологиялық мәселе. Сондықтан бұған атүсті қарауға болмайды. Көң-қоқыс орнын қоршау, оны тазалау жұмысы жоспарда тұр. Дегенмен, биыл немесе келер жылы бұл мәселе шешіле қояды деп кесіп айта алмаймын. Себебі барлығы қаржыға келіп тіреледі. Ал бұл жұмыс анау-мынау емес, айтарлықтай мол қаржыны талап етіп тұр. Әрине, цивилизация орнатамыз деп ауыл ішін жарықтандыру, басқа да жақсы шараларды атқара келіп, ауыл сырты қоқып жатқаны көңілге қонымсыз. Алайда, мен халыққа бұл мәселе бір-екі жылда шешіле қояды деп құр уәде бергім келмейді,- деп назын білдірді ауылдық округ әкімі Гүлжан Болатқызы.

Тазалық мәселесі мезгіл талғамайды. Қыс пен көктем, жаз бен күз ауыл ішін таза ұстау ең алдымен тұрғындардың өздеріне байланысты. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары мен өзге шаралар қаншалықты көп ұйымдастырылса да, халықтың сана-сезіміне жетпей белгілі нәтиже шығады деу қиын-ақ. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Әсемгүл АМАНОВА