3.02.2020, 15:40
Қараулар: 469
Бейнекамераның көмегі көп

Бейнекамераның көмегі көп

  Соңғы кездері республика мен облысты айтпағанда 18 мың халқы бар Тасқала ауданының өзінде  жол көлік оқиғалары жиі орын алуда. Жол жүру ережелеріне қатысты тәртіп қанша қатаңдатылып, айыппұл көлемі ұлғайтылса да бұл мәселе азаяр емес. Мұның басты себебі жүргізушілер көлікті шектен тыс жылдамдықпен жүргізу немесе алкагольді  ішімдік пайдаланған адамның рөлге отыруы, сонай-ақ жол ережесін дұрыс сақтамаудан туындап отыр. Әрине, мұндайда полиция қызметкерлеріне көмек беретін бірден-бір құрал – ол көше бойындағы бейне камералар. Бірақ өкінішке орай былтырғы жылы қойылған камералардың әлі күнге дейін іске қосылмай тұрғанына аудандық полиция бөліміне барғанда  көз жеткіздік. Осыдан кейін арнайы монитор қойылып, тіркеу журналы ашылғанымен, бейне камералар жұмыс істемесе, онда қыруар қаражат не үшін жұмсалды?- деген сұрақ туындайды. Осыған орай аудандық полиция бөлімінің басшысы Нүркен Шамғалиевке жолыққан болатынбыз.


-Жол көлік оқиғасының орын алуына негіз болатын фактор ол–жүргізушілердің жол ережелерін мұқият сақ­та­мауы, ішімдік ішіп жол­ға шығуы және жаяу жүр­гін­шілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі. Олардың алдын-алу немесе қылмысты ашу бағытында аудандық полиция қызметкерлері біркелкі жұмыстар атқарды. Бірақ жауапкершіліктің жоқтығынан, жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуы жұмысымыздың нәтижесін төмендетіп тұр. Оның үстіне кейбір жүргізушілер көлік жүргізу құжатынан айырылса да, қайтадан рөлге отыруға әуес. Оған рейд кезінде көзіміз жетті. Қазіргі таңда тәртіп бұзушыларды анықтап, оларға шара қолданып жатырмыз. Адам өмірі ойыншық емес. Оны кез-келген көлік иесі дұрыс түсінгені абзал. Статистикаға көз жүгіртсек, 2018 жылмен салыстырғанда былтырғы жылы жол көлік оқиғасы ауданда едәуір өсті. Тек 2019 жылдың өзінде 20 жол көлік оқиғасы тіркеліп, төрт адам қаза тапса, 25-і дене жарақатын алды. Аталған төрт адамның үшеуі Қосшы ауылдық округінің аумағындағы жол көлік оқиғасынан көз жұмған. Бұдан басқа аудан аумағында жаяу жүргіншілерді қағу бойынша төрт факті тіркелді. Соның ішінде көлікке қағылған 1963 жылғы тасқалалық азамат ауыр дене жарақатынан көз жұмды. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Одан өзге Орал-Озинки тас жолының 66 және Тасқала-Аққурай тас жолының 16 шақырымында жүйткіген машинаның  малға соғылғандығы жөнінде екі факт тіркелді. Рейд ұйымдастырылып, жол ережесін бұзғандарға 254 әкімшілік хаттама толтырылса, ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабы бойынша көлікті масаң күйде басқарған 48 жүргізуші әкімшілік жазаға тартылды. Бұдан басқа жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Назар аударыңыз, балалар», «Мас жүргізуші», тағы басқа республикалық және облыстық профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Тәртіп бұзғандар мен орын алған ұрлықтарды анықтау мақсатында алдымен полиция қызметкерлеріне көшеде орнатылған бейне камералардың үлкен көмегі бар. Әрине, егер олар істеп тұрса. Бірақ өкіншіке орай кейде олар істен шығып қалып жатады. Мысалы аудан орталығында қазір төрт камера жұмыс істеп тұр. Бұл 2008 жылы облыстық ішкі істер департаменті арқылы қойылып, 2009 жылы балансқа берілген. Қазіргі таңда оның уақыты жеткендіктен есептен шығарылды. Десекте олар пайдаға асып тұр. Себебі кейбір қылмыстарды ашуда оның көмегі көп. Егер аудан орталығындағы өткен жылы қойылған 11 камера түгел іске қосылса, бізге әлдеқайда жеңіл болар еді. Кез-келген істі бақылап отыруға мүмкіндігіміз көбейеді. Бірақ оған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты,- дейді Нүркен Сағынғалиұлы.

Осыдан кейін жоғарыда аталған мекемеге телефон шалып, тіпті аяқтай барыпта мән-жайдың анығына көз жеткізуге тырыстық. Бастапқыда  мекеме басшысымен де оның қызметкерлерімен де жолығуға мүмкін болмағанымен, кейін аталған мекеме басшысынан ауданға 2014 жылы «ВМ СЕРВИС Уральск» ЖШС арқылы 1495024 теңгеге төрт камера орнатылса,  2016 жылы «Батыс Трейд Сервис» ЖШС арқылы 2378000 теңгеге сегіз камера қойылған. Ал былтыр 2019 жылы мамырда «NURLINE GROUP» ЖШС мен жасалған келісім шарт бойынша Тасқала ауылының жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында 5375143 теңгеге қосымша төрт мегопикселді бес камера мен екі мегопикселді алты камера орнатылған деген мәлімет алдық.

Сонда ауданда барлығы 23 бейне бақылау камерасы бар екен. Солардың барлығы іске қосылып тұрса тәртіп бұзушыларды бақылап отыруға мүмкіндік туар еді. Амал не! Былтыр қойылған 11 камера әлі күнге өзінің тиісті жұмысын атқармай тұр. Жылға жуық уақыт өтсе де осыған жауапты мекеменің бөлім басшысы Марат Молдашевтың айтуынша камералардың диапазондары анықталмағандықтан әлі күнге іске қосылмаған. Ол үшін әлі 1 немесе 1,5 ай уақыт керек екен. Камераның диапазонын анықтаймыз деп жүргенде олардың жұмыс істеу мерзімі аяқталып қалмай ма? Үкіметтен қыруар қаржы бөлінген екен, енді оны іске қосуға асығуымыз керек қой. Бәрі де халық игілігі үшін дейміз, бірақ нәтижеге келгенде жұмыс көңіл көншітпейді.

Естеріңізде болса 2019 жылдың 9 қазанындағы аудандық «Екпін» газетінің 40 нөмірінде «Полициядағы бір күн» атты мақалада мектеп жанынан өтетін жолдағы жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол кедергілерін орнату керек деген мәселе көтерген болатынбыз. Жыл соңында жоғарыда аталған мекеме үнемделген қаржыдан балабақша мен мектептердің алдына «Батыс С» ЖШС көмегімен 698000 теңгеге жасанды жол кедергілерін орнатты. Бұлда құптарлық іс. Алайда жол бойына тұтастай салынбай, жартыдан орналасқан жол кедергілеріне, ызғытып келіп тоқтауға ерінген көлік жүргізушілерінің айналып өткенін көзбен көрдік. Сондықтан қай істі қолға алмасын, оның нәтижелі болуына аса мән берген дұрыс. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жүретін жолақтың жанына жарық шамдар орнатылып,  жол белгілері түнде жанып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе кейбір есерсоқтар түнде жаяу жүргінші өтетін жерді байқамай қалуы да ғажап емес.

Сын түзелмей — мін түзелмейді деген халқымыз, жоғарыда айтылған мәселелерге жауапты мекемелер түсіністікпен қарап, сыннан нәтиже шығарады деген сенімдеміз.

Жол-көлік оқиға­ла­рына қайта келетін болсақ бұл тек құ­зыр­лы органдардың жұмысы емес. Ол бүкіл ел болып атсалысып, қоғам болып ойланатын іс. Құжатсыз көлік жүргізсемде, жол ережесін бұзсам да, таныс арқылы құтылып шығам деген арам ой болмауы тиіс. Жаяу жүргіншілер бағдаршамның жасыл түсіне өткенде көліктің тоқтағанына анық көз жеткізіп барып өткен жөн.  Себебі соңғы кезде байқайтынымыз, кейбір автокөлік жүргізушілері жаяу жүргіншілер жолағына жеткенде жылдамдығын тежей алмай қалып жатады. Сондықтан сақ болған жөн. Тіпті кей адамдардың көлікті рұқсат етілмеген тротуарларға, мектеп, ба­лабақша ауласының маңына өте жа­қын қоятындары да жасырын емес. Ал, заң бойынша құқық бұзушылардың ешқайсысына аяушылық жоқ. Көлік айдау білмейсің бе, жаяу жүр. Құжатың жоқпа көлікке отырма. Осы жерде Бауыржан атамыздың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл сөзі еске оралады. Олай болса, әр тұрғын жауапкершілікке мән беріп, жүргізушілер қатаң тәртіпке бағыну керек.

Назгүл Серікқызы