3.02.2020, 17:54
Қараулар: 402
Ұрпағы мақтан тұтады

Ұрпағы мақтан тұтады

Сұрапыл соғыстың жаңғырығы алыстағанымен әр адамның жүрегіне қайғы салған  зұлмат уақыттың жарасы әлі де жазылған емес. Өйткені аспанды қара бұлт торлаған бұл жылдары қаншама әйел жесір қалып, қанша бала жетімдіктің ащы дәмін татты екен. Мыңдаған жас ерте солып, көптеген отбасы ер-азаматтары мен бауырларынан айырылды. Қанша шаңырақтың оты өшті. Жау аяғы тимеді демесеңіз, елде қалғандарда қара жамылып, «Бәрі де майдан үшін»,- деген ұранмен еңбек етті. Тұлымшағы желбіреген жасөспірімдер жер жыртып, масақ терді. Күн-түн демей бір үзім нанды талғажау етіп, еңбекке ерте араласты. Осылайша олар «Жеңіске» деген өз үлестерін қосты. Бірақ арада 75 жыл уақыт өтсе де әлі күнге дейін аталарының қай жерде оққа ұшып, қай жерде жерленгенін біле алмай жүрген адам қаншама? Сондықтан, жеңіс үшін қасық қаны қалғанша елін, жерін жаудан азат етуге атсалысқан майдангерлер жөнінде кейінгі ұрпаққа насихаттау біздің міндетіміз. Бүгінгі кейіпкеріміз тасқалалық Хайролла Залиевте қан майданға қатысып, елге жаралы оралғандардың бірі. Ол 1920 жылы наурыз айында Жаңақала ауданының  №15 ауылында дүниеге келген. 1930 жылы Шежінге қарасты Нариман ауылына қоныс аударады. 17 жасында Орал қаласындағы тіс дәрігерлік техникумына оқуға түсіп, оны 1940 жылы бітіреді. Оқуды аяқтаған соң әскер қатарына шақырылып, Ворошилов атындағы Ленинград әуе-техникалық училищесіне түсіп курсант атанады. Осы уақытта Ұлы Отан соғысы басталып ол майданға алынады. 1941-1942 жылдары неміс басқыншыларына қарсы соғысады. Бір жылдан соң Ржев қаласындағы ұрыста ауыр жараланып, бір жыл Ялуторовск қаласындағы әскери госпиталде емделеді. 1943 жылы елге оралып БҚО Зеленов аудандық комитетінде II хатшы болып қызмет атқарады. Көп уақыт өтпей 1944 жылы осы жерде I хатшылыққа ауысады. 1946 жылы Қазақстан Лениндік коммунистік жастар одағы (ЛКЖО) Камен аудандық комитетінің I хатшысы, 1947 жылы Камен аудандық комитетінің нұсқау-ұйымдастыру бөлімінде меңгеруші болып қызметін жалғастырады. Араға жыл салып Мартынов ауылы «Оян» колхозына бастауыш партия ұйымының хатшысы болып ауысады. Бұл жерде де бір жыл еңбек еткен соң, Камен аудандық ауылшаруашылығы бөлімі меңгерушілігіне тағайындалады. Әр жылдары атқарған жұмысында өзін жақсы қырынан көрсете білген Хайролла Давлетқалиұлы 1953 жылы Қазақстан Компартиясы Камен аудандық комитетінің кепілдемесімен сол кездегі №500 қой совхозына директордың орынбасары болып жұмысқа жіберіледі. Кейін Камен ауданы Крутой (Ынтымақ) ауылына жұмысқа ауысып «Коминтерн» колхозына төрағалық етеді. Сол жылдарда жаңа мектептің салынуына кейіпкеріміздің септігі молынан тиеді.

Одан кейін Камен ауылында ҚР АШМ аумақтық инспекциясында мемлекеттік бас инспектор болып қызмет атқарады. 1963 жылы БҚО Зеленов ауданына ауысып,  Цыганов ауылында XXII партсъезд колхозының төрағасы болып қызмет істей жүріп, 1964 жылы дүниеден өтеді.

Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын Хайролла аға әр жылдардағы еселі еңбегі үшін үкімет тарапынан «Құрмет белгісі» орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін» медалымен және «Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен» марапатталған. Одан басқа «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалдарын иеленген. Жұбайы Қазина екеуі үш ұл, екі қызды өмірге әкеліп тәрбиелеген. Бірақ тағдырдың маңдайға жазғаны сол болса амал не? Екі ұлы ерте қайтыс болады. Артында қалған үш перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсіріп, ұлын ұяға қызын қияға қондырды. Бүгінде әке мен ананың жақсы тәрбиесін көрген ұлы Мақсот Залиев аграном болып еңбек етсе, қыздары Райхан, Розалар ұстаздық жолды таңдап, өмірден өз орындарын тапты. Осылайша ауданның гүлденуіне өз үлестерін қосты. Қазір олар зейнеткерлікке шығып, жылдар бойы атқарған еңбегінің зейнетін көруде. Ал, Хайролла атаның көзі кетсе де, өзіндей болып артында жайқала өскен ұрпағы қалды. Олар биыл жүз жыл толатын аталарының еселі еңбегі мен ерен ерлігін мәңгілік мақтан тұтады. Орны бар оңалар деген осы!

Назгүл Серікқызы